Әлеуметтік желіде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео кеңінен тарады. Желі қолданушылары оны Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырып, кадрдағы әйелді қаза тапқан сарбаздардың бірінің анасы деп жазған. Видео кейбір БАҚ-та да осы сипатта жарияланды. Алайда роликтің Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ, деп хабарлайды ult.kz.
Видеоның түпнұсқа авторы оның қайда және қашан түсірілгенін жазған. Автордың айтуынша, кадрлар Марокконың Танжер қаласында түсірілген.
«Сәлеметсіз бе. Иә, кеше видеоны сынақ ретінде жариялап, ұйықтап қалған едім. Таңертең қарасам, пікірлер мен репосттар өте көп екен. Видео Мароккода, Танжер қаласында түсірілді. Кадрдағы әйел — Алжирден келген қыз. Видеомның Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып отырмын. Көңіл айтамын», — деп жауап берді видео авторы.
Қайғылы оқиғалар кезінде эмоциялық видеолар мен ескі немесе басқа елдерде түсірілген кадрлар контекстен жұлынып, тез тарауы мүмкін. Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 14 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Бұған дейін «қаза болған сарбаздың әкесімен соңғы рет сөйлескен видеосы» деген ақпаратты тексеріп, видеодағы әскери қызметшінің тірі екені ақпарат құралдарында айтылды. Мұны сарбаздың әкесі Талғат Құлмановтың өзі де растады.
Сондай-ақ Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың видеосы Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырылып таратылған. Қорғаныс министрлігі кадрлардың былтыр түсірілгенін және қазіргі жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде ескі видеолар, жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдар және қазақстандық блогерлерге қарсы манипуляциялық жазбалар тараған.
Айта кетейік, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, онлайн-платформалар арқылы мұндай ақпаратты таратқаны үшін үш жылға дейін, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.