Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің әйелі әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Ол тергеу аяқталмай тұрып жұбайын кінәлі деп атауға болмайтынын айтып, істі жан-жақты әрі объективті қарауды сұрады.
«Менің күйеуім кінәлі емес. Ол бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және осы жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарып келді. Оны біреудің сөзіне немесе жорамалдарына сүйеніп айыптамай, алдымен өз уәжін айтуға мүмкіндік беру керек», – деп жазды ол.
Хайрушевтің әйелі күйеуіне ерекше жағдай жасауды сұрамайтынын, тек тергеудің әділ жүргізілуін қалайтынын айтты.
«Егер оған қатысты қандай да бір талап немесе айып болса, ол нақты айтылып, фактілермен расталуы керек. Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуді және оны кінәлі деп атамауды сұраймын», – деді ол.
Оның айтуынша, отбасы тергеу аясындағы ашық әңгімеге дайын. Алайда бұл процесс заң талаптары мен адамға деген құрмет сақталған жағдайда жүргізілуі керек.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Данияр Хайрушевтің ұсталғанын растаған еді. Ол Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі.
Айта кетейік, Данияр Хайрушев биыл мамыр айында әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі мен қызметтегі жетістіктері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.