Каспий жағалауында қайғылы оқиға болды

Каспий жағалауында қайғылы оқиға болды
Коллаж: видеодан кадр

Ақтау қаласы маңындағы Caspian Star демалыс базасының жағалауында әкесі мен ұлы суға батып кете жаздады. Өкінішке қарай, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды ult.kz.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға теңіз жағасында демалып жүрген әйелдің көмек сұрап айқайлауынан басталған. Оның айтуынша, теңізде екі адам батып бара жатқан.

Оқиғаға куә болған бірнеше демалушы бірден суға секіріп, көмекке ұмтылған. Қатты толқынға қарамастан, олардың бірі жасөспірімге жетіп, жағаға алып шыққан. Алайда сол кезде оның әкесінің әлі де суда қалғаны анықталған.

Кейін демалушылар ер адамды да судан шығарып үлгерген. Бірақ ол жағаға ес-түссіз күйде жеткізілді.

Төтенше жағдай қызметкерлері келгенге дейін демалушылар өз күштерімен жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Кейін оқиға орнына ТЖД қызметкерлері мен жедел медициналық көмектің екі бригадасы жетті. Дәрігерлер бір сағаттан астам уақыт бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Куәгердің сөзінше, қайғылы жағдай құтқару бекеті жоқ, арнайы жабдықталмаған жағалау аумағында болған. Сонымен қатар, бұл жерде ұялы байланыс тұрақсыз жұмыс істегендіктен, жедел қызметтерді шақыру мен олардың оқиға орнына жетуі де қиындаған.