Канада – АҚШ, Швейцария – Швеция: хоккейден әлем чемпионатында плей-офф кезеңі басталады

Канада – АҚШ, Швейцария – Швеция: хоккейден әлем чемпионатында плей-офф кезеңі басталады
Fabrice COFFRINI / AFP via Getty Images

Швейцарияда өтіп жатқан 2026 жылғы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталып, плей-оффқа шыққан құрамалар толық белгілі болды. Енді әлем біріншілігіндегі басты тартыс ширек финал матчтарымен жалғасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

B тобындағы соңғы ойында Канада құрамасы Чехиямен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчта канадалықтар қарсыласын оңай ұта қойған жоқ. Чехия ойын барысында қарсылық көрсеткенімен, Канада үшінші кезеңде басымдық танытып, жеңісті жұлып алды.

Канада сапынан Маклин Селебрини екі шайба соғып, команданың жеңісіне үлкен үлес қосты. Ол 35 және 48-минуттарда гол авторы атанды. Ал Джон Таварес 50-минутта шешуші шайбаны қақпаға бағыттап, кездесудің нүктесін қойды.

Чехия құрамасында Марек Альшер мен Доминик Кубалик көзге түсті. Алайда олардың голдары командасын жеңілістен құтқара алмады. Осы матчтан кейін Канада 20 ұпай жинап, B тобын көшбасшы ретінде аяқтады. Чехия 13 ұпаймен үшінші орын алды.

A тобында турнир қожайыны Швейцария Финляндиядан 4:2 есебімен басым түсті. Швейцариялықтар кездесуді белсенді бастап, алғашқы минуттардан-ақ қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Алаң иелері сапынан Аттилио Бьяска, Кен Ягер және Нико Хишир нәтижелі соққы жасады. Кен Ягер бұл ойында екі мәрте мергендігімен көзге түсті.

Финляндия құрамасында Александр Барков дубль жасады. Дегенмен оның екі голы финдерді жеңіске жеткізе алмады. Швейцария бұл жеңістен кейін топтық кезеңді 21 ұпаймен аяқтап, бірінші орынға ие болды. Финляндия 18 ұпаймен екінші сатыға жайғасты.

Осылайша, әр топтан төрт үздік команда ширек финалға жолдама алды. 1/4 финалдағы жұптар төмендегідей:

  • 28 мамыр, 19:20 – Финляндия – Чехия;
  • 28 мамыр, 19:20 – Канада – АҚШ;
  • 28 мамыр, 23:20 – Швейцария – Швеция;
  • 28 мамыр, 23:20 – Норвегия – Латвия.

Айта кетейік, Ұлыбритания мен Италия құрамалары элиталық дивизиондағы орнын сақтай алмады. Келесі жылы олардың орнына Қазақстан мен Украина құрамалары әлем чемпионатының жоғары дивизионында ойнайды.