Соның ішінде 10 кабинет Ақтөбе қаласында, тағы 5 кабинет Семейде ашылмақ. Нәтижесінде екі қалада 800-ден астам бала инклюзивті біліммен қамтылады. Қазіргі уақытта мектептерде құрылыс-жөндеу жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды ult.kz.
Кабинеттерді жөндеу және жабдықтау жұмыстарына, сондай-ақ мамандарды оқытуға 524 млн теңге бағытталады. Оның 271 млн теңгесі 3 мамыр күні Астанада өткен IV Charity Samruk Marathon шарасының қатысушылары мен серіктестерінің арқасында жиналды. Қалған қаражат «Samruk-Kazyna Trust» қорының бюджетінен бөлінеді.
Кабинеттер SK Trust ұйымының инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылармен бірлесіп әзірлеген жаңа тұжырымдамасына сай дайындалады. Open space форматындағы алаңдарда дефектолог, логопед және психолог мамандарының жұмыс аймақтары, сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған қыш шеберханасы болады.
Бұдан бөлек, заманауи спорттық құрал-жабдықтар орнатылған емдік дене шынықтыру кабинеті қарастырылған. Әр кабинеттің аумағы - кемінде 60 шаршы метр. Сонымен қатар, жыл бойы педагог және бейінді мамандар оқудан өтіп, біліктіліктерін арттырып отырады.
Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының қолдауымен 31 инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр: оның 21-і Астанада, 5 кабинеттен Ақмола және Атырау облыстарында ашылған. Бұл кабинеттерде ерекше қажеттіліктері бар 2 мыңнан астам оқушы білім алады.