Ителгі, лашын, бүркіт: Қызыл кітаптағы құстар заңсыз тәлімбақтан құтқарылды

Ителгі, лашын, бүркіт: Қызыл кітаптағы құстар заңсыз тәлімбақтан құтқарылды
Видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау фактісі бойынша жүргізілген тергеуді аяқтады. Іс бойынша күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.

Ол аңшылыққа, қыран құстарды күтіп-баптау мен емдеуге арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи мекендеу ортасынан заңсыз ауланған сирек жыртқыш құстарды жеткізетін адамдармен байланыс орнатқан.

Тінту кезінде күдіктінің үйінен 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар санатына жатады.

Тергеу аясында сот санкциясымен күдіктіге тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тәркіленген құстар Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында уақытша күтіп-бағылып жатыр. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.

Қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.