Испанияның Сеута қаласына мыңдаған мигрант ағылды: кемінде 15 адам қаза тапты

Испанияның Сеута қаласына мыңдаған мигрант ағылды: кемінде 15 адам қаза тапты
ашық дереккөз

30 шілдеде Мароккомен шекарада орналасқан Испанияның Сеута эксклавына мыңдаған заңсыз мигрант өтті. Жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Испания үкіметі қаладағы қауіпсіздікті күшейту үшін әскер жіберетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz. 

БАҚ мәліметінше, Сеутаға жету үшін теңіз арқылы шекараны кесіп өтпек болған кемінде 15 адам суға батып көз жұмған. Әзірге Мароккодан заңсыз көші-қонның не себепті күрт артқаны белгісіз. 

Бүгін қалаға Испания премьер-министрі Педро Санчес пен елдің ішкі істер министрі бармақ. 

Оқиға Мадрид пен Рим арасында саяси дау туғызды. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мыңдаған мигранттың ағылуын көрсеткен кадрларды «алаңдатарлық жағдай» деп атап, бақылаусыз заңсыз көші-қон Еуропа шекараларының қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді деді. Оның сөзінше, Италия Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданылуын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

Бұған жауап ретінде Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес мұндай мәлімдемелерді «серіктес әрі дос елге жараспайтын сөздер» деп бағалап, Еуропалық ынтымақтастықтың орнына саяси демагогияға жол бермеуге шақырды. 

Сеута – Марокконың солтүстік жағалауында орналасқан, бірақ Испанияға қарайтын эксклав. Ол көп жылдан бері Еуропаға жетуге тырысатын мигранттар үшін негізгі бағыттардың бірі саналады.