«Ішіне пышақ сұғып үлгерген»: Жұмыстан заңсыз шығарылған мұғалім өзіне қол жұмсамақ болды

«Ішіне пышақ сұғып үлгерген»: Жұмыстан заңсыз шығарылған мұғалім өзіне қол жұмсамақ болды
Коллаж: ult.kz

Түркістан облысында жұмысынан босатылған педагог сот ғимаратында өзіне қол жұмсауға әрекеттенді, деп хабарлайды ult.kz.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында жұмысынан босатылған педагог аудандық сот ғимаратында өзіне қол жұмсауға әрекеттенді. Оқиға 3 маусым күні таңертең болған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 24 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Х. Еримбетов биылғы қаңтар айында мектеп әкімшілігінің шешімімен жұмыстан шығарылған. Ол бұл шешіммен келіспей, еңбек құқығының бұзылғанын айтып, Түркістан облыстық еңбек инспекциясына шағым түсірген.

Айтылған мәлімет бойынша, еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жұмыс беруші тараптың әрекетін заңсыз деп танып, педагогты бұрынғы қызметіне қайта орналастыру жөнінде екі рет нұсқама берген. Алайда бұл талаптар орындалмаған.

Осыдан кейін ұстаз сотқа жүгінген. Бес айға жуық уақыт бойы жұмыссыз жүрген азаматтың айтуынша, сот процесі ұзаққа созылып кеткен.

Сондай-ақ 28 мамыр күні өткен сот отырысында ол істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен. Ал 3 маусымда сот оны «сотқа бағынбау» бабы бойынша жауапқа тартып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған.

Үкім жарияланғаннан кейін педагог өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Қазіргі уақытта оның Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқаны хабарланды.

Оқиғаға байланысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.