Иордания патшайымы Батыс басшыларын сынға алды

Иордания патшайымы Батыс басшыларын сынға алды

GettyImages.ru

Иордания патшайымы Рания Израильдің бомбалауы салдарынан Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың өлімін айыптамаған Батыс басшыларына наразылығын білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі CNN-ге сілтеме жасап. 

CNN тілшісі Кристиан Аманпурға берген эксклюзивті сұхбатында Рания: 

«Таяу Шығыс елдері, оның ішінде Иорданияның халқы әлемнің соғысқа қарсы әрекетінен көңілі қалды. Соңғы екі аптада біз әлемдегі екіжүзділіктің куәсі болдық. 

7 қазанда болған оқиғаға қатысты әлем бірден Израильді және оның өзін-өзі қорғау құқығын қолдады және жасалған шабуылды айыптады... Бірақ соңғы екі аптада болған оқиғаларға қатысты әлемнің жақ ашпай отырғанын көріп отырмыз», - деді. 

Израиль қорғаныс күштерінің мәліметінше, ел 7 қазанда Палестинаның жағалаудағы анклавты бақылайтын ХАМАС тобы жасаған шабуылдарынан кейін Газа секторына «толық блокада» жариялады, салдарынан 1 400-ден аса адам қаза тауып, 200-ден астам адам кепілге алынды.

Аталмыш қоршау халқы тығыз орналасқан Газа секторын аяусыз әуе шабуылдарының астында қалдырып, оқшауланған аймақтың бүкіл халқы үшін азық-түлік пен суды қоса алғанда, өмірлік маңызды керек-жарақтарды бұғаттады. 

«Бүгінгі заман тарихында адамзаттың мұнша азап шегуі бірінші рет болып тұр. Ал әлем атысты тоқтатуға шақырмай отыр. Бұл үнсіздік батыс елдерін сыбайлас етеді», - деді патшайым Рания. 

Газадағы ХАМАС бақылауындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, Израиль соққыларынан қаза тапқандар саны 5 000-нан асты, оның ішінде 2 000-нан астамы балалар. БҰҰ-ның кем дегенде 35 қызметкері қаза тапты. 

«Мен, палестиналық аналар да басқа аналар сияқты балаларын жақсы көретінін әлемнің есіне салғым келеді», - деді Рания. 

Айта кетейік, Араб елдері көшбасшылары АҚШ-тың Израильді тежеуге ниет танытпағанына наразылық білдірді. Иордания, Мысыр және Палестина автономиясы өткен аптада АҚШ президенті Джо Байденмен жоспарланған Иордания саммитінен бас тартты.