Солтүстік Қазақстан облысында 77 жастағы зейнеткер интернет-алаяқтардың құрбаны болып, 7 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, Петропавл тұрғыны Instagram желісінен инвестиция арқылы жоғары табыс табу туралы жарнаманы көрген. Ұсынысқа қызыққан әйел сілтеме арқылы өтіп, байланыс мәліметтерін қалдырған.
Көп ұзамай оған өзін инвестициялық компания қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан. Олар қысқа мерзімде мол пайда табуға болатынына сендіріп, түрлі инвестициялық жобаларға ақша салуға көндірген.
Сәуір айының соңы мен мамыр айының басы аралығында әйел бірнеше рет белгісіз шоттарға ақша аударған. Нәтижесінде ол өмір бойы жинаған қаражатының барлығынан айырылып, келтірілген шығын көлемі 7 миллион теңгеден асқан.
Ақшаны қолға түсіргеннен кейін алаяқтар байланысын үзген. Сол кезде ғана зейнеткер алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер ақша қаражатын шетелге шығаруға пайдаланылған үш дроппердің жеке басын анықтаған. Заң бойынша жәбірленуші келтірілген шығынды азаматтық тәртіппен өндіруге құқылы.
Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, интернеттегі жарнамаларға сақтықпен қарауға және қаржы салуға қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.