Қазақстанда интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 5,9 млрд теңге қайтарылды. Соңғы үш жылда мұндай қылмыстардың саны 40 пайызға азайып, ашылу көрсеткіші 29,9 пайызға өскен, деп хабарлайды ult.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, киберқылмысқа қарсы күресте Ұлттық банктің Антифрод-орталығы маңызды рөл атқарды. Оның көмегімен 117 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталған.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін дропперлер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Жеке деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітіліп, медициналық, банктік және өзге де маңызды ақпараттық жүйелерге қол жеткізу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Енді ұйымдар азаматтарға жеке деректерінің таралып кеткені туралы хабарлауға міндетті. Ал аса маңызды нысандардың киберқауіпсіздігін бақылау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелді.
Азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін күшейту үшін бірнеше құрал қолжетімді. Олардың қатарында eGov Mobile қосымшасындағы «Стопкредит» қызметі, дербес деректерге қол жеткізуді бақылау сервисі, деректердің таралуы мен фишингті анықтауға көмектесетін NomadGuard платформасы және eGov пен CitizenSec жүйелеріндегі киберсауаттылық курстары бар.
Мамандар азаматтарға SMS-кодтар мен парольдерді бөгде адамдарға бермеуді, күмәнді сілтемелерді ашпауға және екі факторлы аутентификацияны қосуды ескертеді.