Ішкі істер министрлігі ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылданғаны туралы тарап жатқан SMS-хабарламалардың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің хабарлауынша, мұндай хабарламалардың ІІМ-ге ешқандай қатысы жоқ және олар азаматтарды жаңылыстыру мақсатында таратылуда.

Қазір ведомстволық білім беру ұйымдарына қабылдау науқаны әлі аяқталған жоқ. Қабылдау белгіленген кестеге сәйкес 15–25 шілде аралығында жүргізіледі, ал конкурстық іріктеудің барлық кезеңі толық аяқталғаннан кейін ғана қабылдау комиссиялары түпкілікті шешім шығарады.
ІІМ мәліметінше, қабылдау нәтижелері талапкерлердің "Qyzmet police" ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинеттерінде жарияланады. Сонымен қатар ведомство бұл жүйе талапкерлерге оқуға қабылданғаны туралы SMS-хабарламалар жібермейтінін ерекше атап өтті.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды күмәнді хабарламаларға сенбеуге, ондағы сілтемелерге өтпеуге, жеке мәліметтерін ешкімге бермеуге және тек ІІМ-нің ресми ақпараттарына ғана сүйенуге шақырды.