Қазақстанның Ішкі істер министрлігі шетелдік тіркеуде тұрған автокөліктерді бақылауға қатысты проблемалардың бар екенін мойындады. Ведомство ел аумағында жүрген мұндай көліктердің нақты санын атай алмады, себебі олар бойынша жеке есеп жүргізілмейді. Сонымен қатар, ең өзекті мәселелердің бірі – олардың иелерінен айыппұл өндіріп алу болып отыр, деп хабарлайды ult.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ-нің inbusiness.kz басылымына берген мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелдік нөмірлі көліктердің жүргізушілеріне жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Алайда оның небәрі 0,8 млрд теңгеге жуығы ғана төленген.
Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков назар аударды. Оның айтуынша, айыппұлдарды өндіріп алу деңгейінің төмендігі Қазақстаннан тыс жерде тіркелген көлік иелерінің құқық бұзушылықтарын әкімшілендіруде қиындықтар бар екенін көрсетеді.
«2026 жылдың бес айында шетелдік жүргізушілерге 2,2 млрд теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Алайда олардың өндіріп алыну деңгейі салыстырмалы түрде төмен – шамамен 0,8 млрд теңге ғана төленген. Бұл Қазақстаннан тыс жерде тіркелген көлік иелерінен айыппұл өндіріп алу мен құқық бұзушылықтарды әкімшілендіруде қиындықтардың бар екенін көрсетеді», – деді мәжілісмен.
ІІМ мәліметінше, елімізде жүрген шетелдік тіркеудегі автокөліктердің нақты саны туралы деректер жоқ. Сонымен бірге олардың Қазақстан аумағында уақытша болу мерзімін сақтау мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде шекара және кеден органдары тарапынан бақыланады. Ал ел ішінде құжаттарды жол полициясы қызметкерлері өз құзыреті шеңберінде тексереді.
Сондай-ақ министрлік басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жүргізеді. Автокөліктер мен олардың иелері туралы мәліметтер Қазақстан ІІМ Ұлттық орталық Интерпол бюросы және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің құзырлы органдарымен тікелей байланыс арналары арқылы алмасылады.
ІІМ Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, көлік құралдарын заңсыз әкелуге қарсы жұмыстар жүргізіп жатыр. Заңбұзушылықтарды анықтау үшін шекарадан өтуді автоматты түрде тіркейтін жүйелер, ЕАЭО аясындағы ақпарат алмасу және бірлескен рейдтік іс-шаралар пайдаланылады.
Олжас Құспековтің пікірінше, шетелдік тіркеудегі көліктердің бірыңғай есеп жүйесінің болмауы айыппұлдарды өндіріп алуға ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен бюджет кірісіне де қауіп төндіреді.
«Мұндай ашықтық болмаған жағдайда азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төнеді, бюджет шығынға ұшырайды, айыппұл өндіріп алу қиындайды және көлеңкелі нарық ұлғаяды. Автокөлік қай елде тіркелгеніне қарамастан, жол қозғалысына қатысушылардың барлығына заң мен тәртіп бірдей қолданылуы тиіс», – деді депутат.
Оның айтуынша, шетелдік тіркеудегі көліктердің негізгі легі Қазақстанға ЕАЭО елдерінен, әсіресе Ресей, Қырғызстан және Армениядан келеді. Парламент депутаты мұндай көліктердің нақты саны туралы мәліметтің жоқтығы мемлекеттік шекарадан өткен сәттен бастап бірыңғай цифрлық есеп жүйесін құру қажеттігін дәлелдейді деп санайды.
Депутат автокөлік, оның иесі, елде болу мерзімі және салынған әкімшілік жазалар туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай дерекқор құруды ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында жүрген шетелдік нөмірлі көліктерге түгендеу жүргізіп, олардың құқықтық мәртебесін заңнамаға сәйкестендіретін уақытша тетік енгізуді қолдады.
ІІМ мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлікті басқарғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 2026 жылы 43 250 теңге айыппұл қарастырылғанын еске салды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз, пайдалануға тыйым салынғаннан кейін немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын басқарғаны үшін 10 АЕК (2026 жылы – 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Айыппұлдар жалпы тәртіппен өндіріледі», – деп хабарлады министрлік.
Айыппұлдан бөлек, құқық бұзушы бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ заңбұзушылық жойылғанға дейін көлік арнайы айып тұрағына қойылады.
ІІМ мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын және көлік құралдарын тіркеу рәсімдерін кезең-кезеңімен eGov порталы арқылы электрондық форматқа көшіріп жатқанын да мәлімдеді.