Freedom Inside '26

ІІМ: Екі мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды

ІІМ: Екі мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды
ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті қылмыстық істерді тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу бағытындағы жұмыстардың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың айтуынша, жыл басынан бері тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыныс енгізілген.

Қоғамдық қауіпсіздік қалай күшейтілді?

Ұсыныстарды қарау нәтижесінде:

  • әлеуметтік қолайсыз аудандарда, сауда және ойын-сауық орындарында 2 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды;
  • 155 қауіпті жол учаскесінде жарықтандыру, бағдаршамдар, жол белгілері мен таңбалар жаңартылды;
  • 56 нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күзет жүйелері жаңғыртылды;
  • білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара өткізілді.

Қандай шаралар қабылданды?

  • Қайта қылмыс жасаған 8 шартты түрде сотталған азамат бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді;
  • заңсыз қызметпен айналысқан 4 субъектінің жұмысы тоқтатылды;
  • 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақыты шектелді.

Нақты мысалдар

Павлодар қаласында биыл қаңтар айында болған бұзақылық оқиғасынан кейін лаундж-барлардың бірінің қызметі тоқтатылды.

Ал Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы – Балқаш тас жолында жолаушылар автобусы өртеніп, кәмелетке толмаған баланың қаза болуына байланысты барлық жолаушылар автобустарына тексеру жүргізілді.

Нәтижесінде:

  • 199 жүргізуші мен автобус иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • олардың 55-і автобус салонын рұқсатсыз жатын орынға қайта жабдықтағаны үшін жауапқа тартылған.

Лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды

Ұсыныстарды қарау қорытындысында:

  • қылмыстың жасалуына ықпал еткен әрекетсіздігі үшін 2 мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды;
  • ұсыныстарды уақытылы қарамағаны үшін 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын қалай өтеліп жатыр?

Аяқталған қылмыстық істер бойынша:

  • келтірілген жалпы шығын – 72 млрд теңгеден астам;
  • өтелген сома – 34 млрд теңгеден астам.

Мысалы, Астанада 111 адам интернет-алаяқтықтың құрбаны болған іс бойынша 140 млн теңгеден астам шығын толық өтелді.

Шығынды өтеуді қамтамасыз ету үшін жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.

Соның ішінде Алматы облысында алаяқтық ісі бойынша екі ЖШС-нің жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын 28 жылжымайтын мүлік нысанына арест қойылды.

Өтемақы қорының жұмысы

Жәбірленушілерге өтемақы қоры арқылы:

  • 124 санаттағы қылмыс бойынша өтемақы төлеу қарастырылған;
  • төлем мөлшері 30-50 АЕК аралығында белгіленген;
  • қор құрылғаннан бері 5 мыңнан астам адамға жалпы 831 млн теңгеден астам өтемақы төленді.

Болашақ тергеушілер қалай дайындалып жатыр?

2019 жылдан бері заң факультеті студенттеріне арналған дуальды оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі таңда:

  • жоғары оқу орындарымен 40 меморандум жасалған;
  • 47 студенттік клубта 1 524 студент білім алуда;
  • 100-ден астам түлек ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуға ниетті.

Самат Аисовтың айтуынша, бұл жұмыстар құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтіп қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.