Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында чемпион атанды, деп хабарлайды ult.kz.
Ясмина Тоқсанбаева әйелдер арасындағы марафондық спорттық жүрістен сынға түсіп, 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен мәреге бірінші болып жетті.
Қазақстандық спортшы ең жақын қарсыласын төрт минутқа жуық уақытқа артта қалдырды.
Жарыс қорытындысы:
- Ясмина Тоқсанбаева (Қазақстан) — 3:22:20
- Даньцзэн Цюйцзун (Қытай) — 3:26:09
- Ма Ли (Қытай) — 3:32:26
21 жастағы спортшы бұған дейін де Азия деңгейінде жүлдеге іліккен. 2025 жылы 20 шақырымдық спорттық жүрістен Азия чемпионатында қола медаль алса, 2026 жылы Жапонияда өткен құрлық біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған.
Тоқсанбаеваның алтын медалі Қазақстан құрамасының Айчи–Нагоядағы Азия ойындарындағы тоғызыншы алтыны болды.
Айта кетейік, бұған дейін жеңіл атлетикадан Кристина Морозова спорттық жүрістен күміс жүлде иеленген.