Грекияда Афинадағы жеке медициналық орталықтардың бірінде плазмаферез (қан тазарту) процедурасы кезінде белгілі әнші, 54 жастағы Йоргос Мазонакистің жүрегі тоқтап, қайтыс болуына байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеушілер процедураның қаншалықты дұрыс жасалғанын және клиниканың мұндай медициналық қызметті көрсетуге ресми рұқсатының болу-болмауын тексеруде.
Грекиялық БАҚ-тың хабарлауынша, қайғылы оқиғадан кейін екі дәрігер ұсталды. Құқық қорғау органдары плазмаферез аппараты кемінде 45 минут бойы қосулы тұрғанын және жұмыс істегенін анықтады.
Ұсталған медицина мамандары процедура «тіпті басталып та үлгермеді», әншінің жағдайы екінші венаішілік катетерді орнату сәтінде нашарлады деп сендіруде. Дегенмен, құрылғының 45 минуттық жұмыс циклы қанды тазарту процесінің басталып кеткенін айғақтайды.
Шұғыл шақырумен жеткен жедел жәрдем бригадасы әртіске жеткенде оның тамыр соғысы білінбеген. Кейін «Элпис» ауруханасына жеткізіліп, реанимациялық шаралар жасалғанымен, әншінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Грекия Денсаулық сақтау министрі Адонис Георгиадис аталған медициналық орталықтың тек терапиялық кабинет ретінде тіркелгенін және олардың плазмаферез процедурасын жүргізуге ешқандай лицензиясы болмағанын мәлімдеді.
Афина медициналық қауымдастығының төрағасы Йоргос Патулис та бұл орталықтың плазмаферез аппаратын қолдануға құқығы жоқ екенін растады.