Гид болғысы келетіндерге жаңа ереже: Қазақстанда бірыңғай қағидалар күшіне енді

Гид болғысы келетіндерге жаңа ереже: Қазақстанда бірыңғай қағидалар күшіне енді
Pexels.com

Қазақстанда гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін бірыңғай қағидалар бекітілді. Жаңа құжат туристерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға, мамандардың жауапкершілігін нақтылауға және саяхаттардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды ult.kz.

Қағидаларға сәйкес, гидтер, экскурсия жүргізушілері мен туризм нұсқаушылары туристерге сенімді әрі нақты ақпарат беруге, сапар барысында оларды алып жүруге және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ құжатта осы үш мамандықтың қызмет аясы нақты ажыратылған.

Енді гид, экскурсия жүргізушісі немесе туризм нұсқаушысы ретінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы және eLicense.kz порталы арқылы қызметін бастағаны туралы хабарлама жіберуі қажет. Сонымен қатар мамандар өздеріне қолайлы ұйымдық-құқықтық нысанды дербес таңдай алады. Қазіргі уақытта оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызмет түрлері тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Туризм және спорт министрлігі келіп түскен хабарламалар негізінде гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының мемлекеттік электронды тізілімін қалыптастырады. Бұл тізілім Министрлік пен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ресми сайттарында жарияланып, туристерге заңды түрде қызмет көрсететін мамандарды таңдауға мүмкіндік береді.

Құжатта туристердің қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Жаңа талаптарға сәйкес, мамандар сапар басталғанға дейін туристерге маршруттың ерекшеліктері мен ықтимал қауіп-қатерлер туралы толық ақпарат беруге міндетті. Ал егер бағыт адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болса, турист тәуекелдермен танысқаны туралы жазбаша түрде растауы қажет.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай туындаған кезде гидтер уәкілетті мемлекеттік органдарды және туристердің жақындарын жедел хабардар етуге міндетті болады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа қағидалардың қабылдануы туризм саласын құқықтық тұрғыдан жетілдіруге, кәсіби стандарттарды қалыптастыруға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және Қазақстанда ішкі әрі келу туризмінің дамуына оң ықпал етеді.