Германия үкіметі 2026 жылдың соңына дейін ауқымды зейнетақы реформасын парламенттің қарауына ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ел канцлері Фридрих Мерц мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, билік зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен арттыруды, мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндіктерін шектеуді және зейнетақы жинақтарын қалыптастыру жүйесін өзгертуді көздеп отыр.
Басты бастамалардың бірі ретінде капитал нарығының мемлекеттік қорын құру жоспарлануда. Бұл қорға жыл сайын кемінде 30 миллиард еуро көлеміндегі зейнетақы жарналары аударылмақ.
Мерцтің айтуынша, реформа халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы мен демографиялық өзгерістерге байланысты қолға алынуда.
«Егер адамдар ұзақ өмір сүріп, жасы ұлғайса, онда олар сәл ұзағырақ жұмыс істеуге де дайын болуы керек», – деді канцлер.
Заң жобасы алдағы айларда парламентке енгізіледі деп күтілуде. Егер құжат мақұлданса, бұл Германиядағы соңғы жылдардағы ең ірі зейнетақы реформаларының біріне айналмақ.