Freedom Inside '26

Ғалымдар қанттан толықтай бас тартудың қаупін атады

Ғалымдар қанттан толықтай бас тартудың қаупін атады
ашық дереккөз

Рационнан қантты (сахарозаны) толық алып тастау адам денсаулығына бұрын айтылғаннан да бетер зиян келтіруі мүмкін. Чикагода өткен Эндокринологиялық қоғамның жыл сайынғы ENDO 2026 съезінде таныстырылған жаңа зерттеу нәтижелері осындай күтпеген қорытындыға әкелді, деп хабарлайды EurekAlert.

Кувейттегі Дасман диабет институтының Иммунология және микробиология бөлімінің басшысы Рашид Ахмадтың айтуынша, майы аз диетадан қантты мүлдем алып тастау ішек саулығын бұзып, қабыну процестері мен метаболикалық бұзылуларға жол ашады.

«Біз үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Қанттан үзілді-кесілді бас тартқаннан көрі, тағамның теңгерімді болғаны әлдеқайда маңызды», — дейді ғалым.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Ғалымдар 16 апта бойы зертханалық тышқандардың екі тобына бақылау жүргізді:

1-топ: Құрамында қанты бар, бірақ майы аз диета тұтынды.

2-топ: Құрамында қанты мүлдем жоқ, майы аз диетамен қоректенді.

Мамандар жануарлардың глюкозаға төзімділігін, инсулинге сезімталдығын, ішек микробиомасының құрамын, сондай-ақ бауыр мен тоқ ішектегі қабыну белгілерін бағалады.

Нәтижесі қандай?

Екі топтағы тышқандардың салмағында ерекше айырмашылық байқалмаған. Алайда, қантты мүлдем тұтынбаған жануарлардың денсаулығында мынадай елеулі зардаптар анықталды:

  • Глюкоза деңгейін бақылаудың бұзылуы;
  • Инсулинорезистенттік (диабеттің алғашқы белгісі);
  • Ішек микрофлорасының теңгерімсіздігі (дисбактериоз);
  • Ішектің қабынуы;
  • Бауырдың майлану белгілері.

Бұл бізге не береді?

Осы уақытқа дейін майы аз әрі қантсыз қатаң диеталардың ағзаға тигізер нақты салдары жете зерттелмеген болатын. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық болашақта тамақтану бойынша ұсыныстарды өзгертуі мүмкін. Ендігі таңда басты назар қантты шектеуге емес, ішектің сау микробиомасын сақтауға бағытталуы тиіс.

Мамандар метаболикалық бұзылулардың, бауырдың майлы ауруының және созылмалы қабынулардың алдын алу үшін рациондағы көмірсулардың (соның ішінде қанттың да) қалыпты әрі теңгерімді мөлшерін сақтау керектігін ескертеді.