Франция мен Испаниядағы орман өрттеріне байланысты 300 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Франция мен Испаниядағы орман өрттеріне байланысты 300 мыңнан астам адам эвакуацияланды
BBC

Франция мен Испанияда бақылаудан шыққан орман өрттеріне байланысты эвакуацияланған тұрғындар саны 300 мыңнан асты. Бұл туралы AFP агенттігіне сілтеме жасаған DW хабарлады.

Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде, әкімшілік орталығы Бордо қаласы маңында бірнеше күннен бері жалғасып жатқан өрттер аса қарқынды әрі болжап болмайтын сипатқа ие болған. Табиғи апат салдарынан кемінде 240 тұрғын үй жанып кеткен. Соған қарамастан Бордо қаласының билігі әзірге қаланы толық эвакуациялау қажеттілігі жоқ екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта мұнда өзге елді мекендерден көшірілген мыңдаған адам орналастырылған.

Францияда қауіпсіз жерге көшірілгендердің саны 250 мыңға жетті. Өртпен күреске 2,5 мыңнан астам өрт сөндіруші, 1,5 мың әскери қызметкер және 1,2 мың полиция қызметкері жұмылдырылған.

Мамандардың айтуынша, жағдайды орман өрттерінен пайда болатын пирокумулонимбус бұлттары күрделендіріп отыр. Мұндай бұлттар күшті жел туғызып, найзағайдың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жаңа өрт ошақтарының шығуына әкеледі.

Ал Испанияда негізгі өрт ошақтары Мадрид маңындағы орталық өңірлерде, сондай-ақ Авила, Толедо және Кастельон провинцияларында тіркелген. Ел бойынша шамамен 75 мың адам эвакуацияланған. Оның ішінде Валенсия өңірінде ғана демалыс күндері қайта күшейген өрт салдарынан 15 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Табиғи апатпен күреске Еуропаның бірнеше мемлекеті қолдау көрсетіп жатыр. Францияға Хорватия мен Португалиядан өрт сөндіруге арналған ұшақтар, Чехия мен Словакиядан Black Hawk тікұшақтары жіберілуде.

Испанияға Италия екі Canadair амфибия ұшағын аттандырды. Сонымен қатар ел Грекия, Нидерланд және Португалияның авиациялық техникасын да пайдаланып, орман өрттерін ауыздықтауға күш салып жатыр.