Fly Arystan әуе компаниясының билеттері қымбаттап кеткені рас па?

Fly Arystan әуе компаниясының билеттері қымбаттап кеткені рас па?

"Fly Arystan" бюджеттік әуе компаниясының билеттері қымбаттаған жоқ. Бұған дейін айтылған бағамен сатылып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Белгілі болғандай, жолаушылардың 2 проценті "Fly Arystan" билеттерін қымбатқа сатып алған.

"Жоқ, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Мен бір апта бұрын мониторинг жасадым. Билеттердің жалпы санының 2 проценті ғана басқа бағамен сатылған. Ал, негізінен, билеттер компания белгілеген бағамен сатылып жатыр. Мәселен, Орал бағытына – 12-13 мың теңге, Таразға –  6 900 теңге", - деді Қасымбек үкімет кулуарында.

Үкімет басшысының орынбасары билет құнының әртүрлі болуы жолаушының жүгі мен таңдаған орнына байланысты екенін айтты. 

"Біреу жүгімен ұшады, енді біреулері барлық билет сатылып кеткен кезде бір-ақ алады. Бұл динамикалық жүйе", - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанның авиациялық тасымал нарығы айтарлықтай үлкен емес. Жыл сайын 5-6 миллион адам ұшады.

"Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында қатынайтын теміржол жолаушыларының бір бөлігі осы лоукостерге ауысып жатыр", - деді Қасымбек.

Айтуынша, биыл Fly Arystan әуе компаниясында төрт ұшақ болады. Жаңа әуе компаниясы бір жылдың ішінде 1 миллион адам тасымалдауды жоспарлап отыр.