Эверестте 30 жыл бұрын көз жұмған альпинистің денесі табылды

Эверестте 30 жыл бұрын көз жұмған альпинистің денесі табылды
Фото: BILD

Бүкіл әлемге «Жасыл етік» деген атпен танылған альпинистің Эверестте қалған денесі араға 30 жылға жуық уақыт салып ресми түрде анықталды. ДНҚ сараптамасының нәтижесі марқұмның үндістандық альпинист Дордже Моруп екенін растады. Ол қайғылы оқиға кезінде 47 жаста болған, деп хабарлайды ult.kz BILD басылымына сілтеме жасап

Марқұмның жеке басын Үнді-Тибет шекара полициясы (ITBP) растады. Ведомство мәліметінше, жақында оның сүйегін Эвересттің «өлім аймағы» деп аталатын, теңіз деңгейінен 8 мың метрден жоғары орналасқан бөлігінен эвакуациялау жүргізіледі. Қазір полиция мұндай биіктіктегі күрделі операцияларды жүргізу тәжірибесі бар компанияны іздестіріп жатыр.

Дордже Моруп 1996 жылғы 10 мамырда Эверестке солтүстік бағытпен көтеріліп бара жатқан кезде қаза тапқан. Ол алты адамнан тұратын альпинистер тобының құрамында болған. Экспедиция мүшелері шыңға жақын маңда қатты қарлы боранға тап болған кезде, олардың үшеуі кері қайтуға шешім қабылдаған. Ал Моруп тағы екі серігімен бірге жолын жалғастырған. Алайда көп ұзамай үшеуі де қаза тапқан.

Аса күрделі табиғи жағдай мен құтқару жұмыстарының жоғары қауіпіне байланысты альпинистің денесін таудан түсіру мүмкін болмаған. Оның денесі 30 жылға жуық уақыт бойы Эверест баурайында жатты. Қар мен мұз денені дерлік өзгеріссіз күйде сақтап қалған. Осы уақыт аралығында «Жасыл етік» Солтүстік-шығыс жотасы арқылы шыңға көтерілетін альпинистер үшін ең танымал бағдарлардың біріне айналды.

Марқұмның кім екені ұзақ жылдар бойы талас тудырып келді. Көпшілік «Жасыл етік» деген атпен белгілі альпинист сол экспедицияның тағы бір мүшесі – 28 жасында қаза тапқан үндістандық альпинист Цеванг Палджор болуы мүмкін деп есептеген.

Алайда жүргізілген ДНҚ сараптамасы бұл мәселеге нүкте қойды. Зерттеу нәтижесі «Жасыл етіктің» шын мәнінде Дордже Моруп екенін нақты растады.