«Ескі ұят» пен «жаңа ұят»: Қазақтар қазір неден ұялады?

«Ескі ұят» пен «жаңа ұят»: Қазақтар қазір неден ұялады?
Фото: ЖИ/ Baribar.kz

«Ұят» – қазақ қоғамындағы ең күрделі ұғымдардың бірі. Уақыт өткен сайын оның мағынасы да, қоғамдағы рөлі де өзгеріп келеді. Егер бұрын ұят адамның ар-намысы мен ру алдындағы жауапкершілігін білдірсе, бүгінде бұл түсінік әлеуметтік желілер, қоғамдық пікір және жаңа өмір салтының әсерімен мүлде басқа сипатқа ие болды, деп хабарлайды ult.kz.

Tengrinews.kz дерегінше, бүгінде адамдар бұрынғыдай ажырасқанынан немесе тұрмысқа кеш шыққанынан емес, ҰБТ-дан төмен балл алғанынан, өз үйінің жоқтығынан немесе әлеуметтік желідегі сәтсіздігінен көбірек қысылады. Бұл өзгеріс қоғамның құндылықтарының да жаңарып жатқанын көрсетеді.

Дәстүрлі қазақ қоғамында ұят – қарапайым сезім емес, қоғамды тәртіпте ұстап тұрған негізгі заңдардың бірі болды. Жазылған заңдар мен құқық қорғау органдары жоқ кезеңде адамдардың мінез-құлқын дәл осы ұят реттеп отырды.

Тарихшылардың айтуынша, ұят ұғымы ар-намыс, абырой, жеті ата алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтармен тығыз байланысты болды. Адам берген уәдесінде тұрмаса, көршісіне көмектеспесе немесе біреуді алдаса, бүкіл ел алдында беделінен айырылатын.

Сондықтан қазақ арасында «Өлімнен ұят күшті» деген мақал кең тараған. Себебі беделінен айырылған адаммен ешкім араласпайтын, сауда жасамайтын, сөзін тыңдамайтын. Зерттеушілердің пікірінше, дәл осы жүйе дала заңдарының тиімді жұмыс істеуіне ықпал еткен.

Кеңес дәуіріндегі ұят: Ер мен әйелге қойылған талап өзгерді

Кеңес кезеңінде ұят түсінігі бұрынғыдай бәріне бірдей қолданылмай, әйелдерге көбірек бағыттала бастады.

Ер адамдарға қойылатын талап әлсіреді. Бұрын ер азамат отбасының асыраушысы әрі қорғаушысы саналатын. Ал кеңестік жүйеде бұл міндеттердің бір бөлігін мемлекет өз мойнына алды. Нәтижесінде ер адамның ру алдындағы беделі бұрынғыдай маңызды болудан қалды.

Керісінше, әйелдерге қатысты қоғамдық бақылау күшейді. Әйел білім алып, жұмысқа шыққанымен, одан бұрынғыдай инабатты болу, үлкенді сыйлау, отбасының берекесін сақтау талап етіле берді. Сонымен қатар қоғамда қос стандарт қалыптасты. Ер адамның кейбір әрекеттері кешірілсе, дәл сондай іс үшін әйелдер қатаң сынға ұшырады.

Интернет дәуірі және «цифрлық ұят»

2000 жылдардың соңынан бастап әлеуметтік желілердің дамуы ұят ұғымына жаңа сипат берді. Егер бұрын адамның әрекетін тек ауыл-аймағы талқыласа, қазір бір фото немесе видео бірнеше сағат ішінде бүкіл елге тарай алады. Осы кезеңде қоғамда «ұятмендер» деп аталған адамдар пайда болды. Олар әлеуметтік желілерде өзгелердің өмірін бақылап, киімі, сыртқы келбеті немесе жеке өмірі үшін көпшіліктің алдында айыптауға көшті.

Мұндай сынның басты нысанасына көбіне әйелдер айналды. Қазақстанда осы құбылыстың символына айналған адамдардың бірі – Талғат Шолтаев. Ол Астанадағы қыз мүсінінің үстіне орамал жауып, оны «әдепсіз» деп бағалағаннан кейін көпшілікке танылды. Бұл оқиға қоғамда қызу пікірталас туғызды. Интернет дәуірінде тағы бір ерекшелік қалыптасты: бұрын уақыт өте ұмытылатын әрекеттер енді мәңгілік цифрлық із ретінде сақталып қалатын болды.

Соңғы жылдары қоғамдағы көзқарастар айтарлықтай өзгере бастады. Бүгінде бұрын қатты сыналатын көптеген жағдайларға қоғам сабырмен қарайды.

Мысалы:

ажырасу;

тұрмыс құрмай бала тәрбиелеу;

жалғызбасты ана болу;

өз өмірін өз қалауынша таңдау.

Әсіресе ірі қалаларда мұндай адамдар бұрынғыдай айыпталмайды, керісінше қолдау табатын жағдайлар көбейген. Алайда шағын қалалар мен ауылдарда дәстүрлі ұят түсінігі әлі де сақталған.

Виктимблейминг азайып келеді

Қоғамдағы өзгерістің бір белгісі – жәбірленушіні кінәлау көзқарасының әлсіреуі.

Жақында көшеде кетіп бара жатқан қызды белгісіз мопед жүргізушісі мазалаған. Ол полицияға шағымданғанда алғашқы қойылған сұрақ:

– «Үстіңізде қысқа киім болды ма?» – болған.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып, көпшілік полицияның әрекетін сынға алды. Сарапшылардың пікірінше, бірнеше жыл бұрын мұндай сұрақ қалыпты саналса, бүгінде қоғам жәбірленушіні емес, құқық бұзушыны жауапқа тарту керек деген пікірге көбірек қосылады. Бұрын қазақ қоғамында шағын той өткізу ұят саналатын.Қазір жағдай өзгеріп келеді. Әлеуметтік желілерде несие алып, даңғаза той жасауды сынайтындар көбейді.

Көпшілік енді қарапайым той өткізуді емес, қаржылық сауатсыздықты ұят деп есептей бастады.

Қазақстандықтар қазір неден ұялады?

Әлеуметтік желілерде жүргізілген сауалнама барысында қазақстандықтар қазіргі қоғамдағы «жаңа ұяттың» бірнеше мысалын атады.

Олардың қатарында:

ҰБТ-дан төмен балл жинау;

IELTS емтиханынан жоғары нәтиже көрсете алмау;

грантқа түспеу;

шетелде білім алмау;

ер адамның әлеуметтік желіні белсенді жүргізуі;

үйлену тойын несиеге жасау;

қазақ емес адамға тұрмысқа шығу;

40 жасқа келгенде жеке баспананың болмауы.

Ал егде буын өкілдері үшін басқа мәселелер маңызды болып қала береді. Кейбір әжелер шөбере сүймегенін ұят көрсе, енді бірі өз қатарластарының бәрі өмірден өтіп кеткеніне қарамастан, өзі әлі тірі жүргенін әзіл-шыны аралас «ұят-ай» деп бағалайды.

Психолог пікірі

Психолог Айнұр Құмарғали ұят ұғымының қазіргі қоғамда біркелкі еместігін айтады.

Оның сөзінше, Алматы немесе Астана сияқты ірі қалалардағы қоғамдық көзқарас пен шалғай ауылдардағы түсінік әлі де айтарлықтай ерекшеленеді.

Ірі қалаларда адамдар жеке таңдау еркіндігін көбірек құрметтейді. Ал шағын елді мекендерде қоғамдық пікір адамның өміріне, беделіне және күнделікті қарым-қатынасына бұрынғыдай күшті әсер етеді.

Соған қарамастан, жаңа қоғамдық құндылықтар біртіндеп барлық өңірлерге таралып жатыр.

Ұят ұғымы ғасырлар бойы өзгеріп келеді. Егер бұрын ол адамның ар-намысын, адалдығын және қоғам алдындағы жауапкершілігін білдірсе, бүгінгі күні бұл түсінік жаңа мазмұнға ие болды.

Қазақстандықтар қазір бұрынғыдай жеке өмірі үшін емес, білім деңгейі, қаржылық жағдайы, кәсіби жетістігі немесе әлеуметтік желідегі беделі үшін көбірек алаңдайды.

Дегенмен, дәстүрлі және заманауи көзқарастардың қатар өмір сүруі ұят ұғымының әлі де қоғамдағы маңызды әлеуметтік құндылық болып қала беретінін көрсетеді.