Қазақстан колледждерінде еңбек нарығына қажет мамандар даярлаудың жаңа жүйесі енгізіледі

Қазақстан колледждерінде еңбек нарығына қажет мамандар даярлаудың жаңа жүйесі енгізіледі
ашық дереккөз

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы аясында колледждердегі білім беру бағдарламалары жаңартылып, педагогтердің біліктілігін арттыру, цифрландыру және нормативтік базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа жүйенің басты мақсаты — жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық беру және кәсіпорындарды қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз ету.

Қазір елімізде 480 колледжде 131 мың студент жұмысшы біліктіліктері бойынша білім алып жатыр. Олардың 103 мыңы, яғни 79 пайызы, 9-сыныптан кейін колледжге түскен жастар.

Биыл жұмысшы мамандықтарына қабылданған студенттер саны 57,8 мыңға артқан.

Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де өсіп келеді. Мәселен, тігіншілердің 79 пайызы, аспаздардың 77 пайызы жұмысқа орналасқан.

Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта колледждер тек маман даярлайтын оқу орны емес, экономиканың нақты кадрлық қажеттілігін қамтамасыз ететін негізгі институтқа айналуы тиіс.