9 қыркүйекте ауа райы қандай болады?

9 қыркүйекте ауа райы қандай болады?
Фото: freepik

Синоптиктер 9 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады. Болжамға сәйкес, еліміздің батысында жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. Ал Қазақстанның басым бөлігінде күн әлі де жылы болады, деп хабарлайды ult.kz.

Батыс өңірлерге циклон әсер етіп, кей жерлерде жаңбыр күшейеді. Бұл аймақтарда күн біртіндеп салқындайды. Түнгі ауа температурасы +7…+16 градус аралығына дейін төмендесе, күндіз +13…+23 градус шамасында болады.

Солтүстік-батыс облыстарда да температура төмендейді. Мұнда түнде +5…+15 градус, күндіз +15…+25 градус аралығы болжанып отыр.

Қазақстанның солтүстігі, орталығы мен оңтүстігінде кей жерлерде өткінші жаңбыр жаууы мүмкін. Жауын-шашын атмосфералық фронттардың өтуімен байланысты болады. Сонымен қатар оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында да жаңбыр күтіледі.

Ал елдің шығыс бөлігінде ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады. Бұл өңір антициклон ықпалында қалып, ашық әрі жылы күндер сақталады. 

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қазақстанның кей өңірінде жазғы жылы ауа райы жалғасқанымен, батыс пен солтүстік-батыста күздің салқыны сезіле бастайды.