Freedom Inside '26

Ескі 2000 теңгелік банкнот айналымнан шығады: Ұлттық банк түсіндірді

Ескі 2000 теңгелік банкнот айналымнан шығады: Ұлттық банк түсіндірді
Zakon.kz

24 маусымнан бастап Қазақстанда 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкноттардың қатар айналым мерзімі аяқталады, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық банк мәліметінше, осы күннен кейін де азаматтар ескі үлгідегі купюраларды үш жыл бойы екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде жаңа банкноттарға айырбастай алады. Ал Ұлттық банктің филиалдары оларды мерзімсіз қабылдай береді.

Бұған дейін 2012 жылғы үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттың да маусым айының соңында айналымнан шығатыны хабарланған еді. Алайда Ұлттық банк оның қатар айналым мерзімін 2027 жылдың шілдесіне дейін ұзартты.

Реттеуші бұл шешімді 2 мың және 10 мың теңгелік банкноттардың айналымын бір мезетте тоқтату банк жүйесіне қосымша жүктеме түсіруі мүмкін екенімен түсіндірді. Сондай-ақ бұл азаматтар мен кәсіпкерлерге ескі купюраларды жаңа үлгіге біртіндеп ауыстыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде бірден бірнеше номиналдағы банкноттар айналымнан шығатыны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда әзірге 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкноттың ғана қатар айналым мерзімі аяқталып отыр.