30 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде Эльмира Төлегенованың жұбайымен болған жанжал туралы жариялаған жазбасын анықтады. Видеода ол оқиғаның мән-жайын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсетті, деп хабарлайды ult.kz.
Астана полициясының мәліметінше, оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал болғанын анықтаған. Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан.
Соған қарамастан, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттерге байланысты Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік материал толтырылды.
Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.
Сондай-ақ полицияның хабарлауынша, 28 тамызда Жанабылов пробациялық бақылау талаптарын бұзған. Ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен тұрғылықты жерде болмаған. Бұл дерек бойынша да материалдар сотқа жіберілді.
Жанабыловтар оқиғасы: Бұған дейін не болған?
Ерболат Жанабылов бұған дейін екі жылға шартты түрде сотталған.
Ерболат Жанабыловтың 30 қыркүйектегі отбасылық жанжалдан кейін полицияға жеткізілуіне байланысты оның бұған дейінгі сот үкімі де қайта назарға ілікті.
2026 жылғы 27 сәуірде Астана соты Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенованы Қылмыстық кодекстің 214-бабы — «Заңсыз кәсіпкерлік» және 218-бабы — «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру» бойынша кінәлі деп таныды.
Сот Ерболат Жанабыловқа 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындады. Сонымен бірге оның мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданып, екі жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Пробация талаптарына сәйкес, Жанабыловқа тұрғылықты және жұмыс орнын рұқсатсыз ауыстырмау, түнгі уақытта үйден шықпау және психоактивті заттарды медициналық мақсаттан тыс қолданбау міндеттелген.
Полицияның 1 қазанда таратқан ақпаратына сәйкес, Жанабылов 28 тамызда пробациялық бақылау талабын бұзған: сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен мекенжайда болмаған. Осы дерек бойынша материал сотқа жолданған.
Ал Эльмира Төлегеноваға сол іс бойынша 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Үш кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылған.
Айта кетейік, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға тиесілі автокөліктер аукционға шығарылды.