Freedom Inside '26

Ербаян Мұхтардың өлімінен кейін тергеу басталды – Қорғаныс министрлігі

Ербаян Мұхтардың өлімінен кейін тергеу басталды – Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев сарбаз Ербаян Мұхтардың өлімінен кейін оқиғаның барлық мән-жайы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Сенат отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген вице-министр Қорғаныс министрлігі бұл іске бейжай қарамайтынын айтты.

– Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан басшылығымен болған жағдай жан-жақты тексеріліп, тергеліп жатыр. Қорғаныс министрлігі өз тарапынан қажетті көмектің бәрін көрсетуде, – деді Жазықбаев.

Оның сөзінше, тергеу нәтижесінде кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылып, тәртіптік шаралар да қабылданады.

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар 2023 жылы ауыр бас жарақатын алып, еңбекке жарамсыз болып қалған еді. Ұлттық ұлан өкілдері оның дәретханада құлап жарақат алғанын хабарлаған. Алайда сарбаздың туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп, оқиғаның толық тергелуін талап еткен болатын. Кейін аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тексерулер жүргізілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада және Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ем алған. Сондай-ақ 2024 жылдың тамызынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Түркияда оңалту курсынан өткен.

Алайда 2026 жылдың маусымында негізгі диагноз аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамып, 23 маусым күні сағат 21:40-та Ербаян Мұхтар көз жұмды.

Айта кетейік, сарбаз қайтыс болғаннан кейін оның денесін сот-медициналық сараптамаға алып кету кезінде туыстары мен полиция қызметкерлері арасында жанжал туындаған.