Қайғылы оқиға 2026 жылдың наурыз айында Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, ер адам мен оның жиені арасында ұялы телефонның бұзылуына байланысты жанжал туындаған. Жиені полиция шақырғанымен, тәртіп сақшылары келген кезде тараптар татуласып, анасы ұлына қатысты ешқандай шара қолданбауды өтінген.
Алайда полицейлер кеткеннен кейін ер адам асүй балтасын алып, үйде болған адамдарға шабуыл жасаған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі егде жастағы адам оқиға орнында қаза тапқан. Құрбандардың үшеуі зейнет жасында болған.
Сот-психиатриялық сараптама күдіктінің параноидты шизофрениямен ауыратынын анықтады. Белгілі болғандай, ол бұған дейін, 2022 жылы да мәжбүрлі психиатриялық ем алған.
Сот ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.