Ер адам ағасын өлтірген адамды атып, кек қайтарды

Ер адам ағасын өлтірген адамды атып, кек қайтарды
Фото: freepik

Кувейтте ер адам 15 жыл бұрын ағасын өлтірген қылмыскерден кек алып, оны атып өлтірген, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Сүләйбия ауданында болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 1990 жылы туған ер адам ағасын өлтірген 1985 жылы туған азаматты бірнеше күн бойы аңдыған. Ол қылмыс жасағаны үшін жеті жыл түрмеде отырып, кейін бостандыққа шыққан. 

Қылмыскер түрмеден шыққаннан кейін күдікті оны өлтіруге бірнеше рет әрекет жасағанымен, ыңғайлы сәт таппаған. Кейін жәбірленуші Сүләйбиядағы кооператив маңына көлігімен келіп, жақын маңдағы тігін шеберханасына кірген кезде, күдікті оның артынан барған.

Күдікті шеберханада ер адамға Калашников автоматынан оқ атқан. Оқиға орнында қаза тапқан азаматтың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Ал күдікті кейін полицияға өзі беріліп, қылмыс кезінде қолданған қаруын тапсырған. 

Күдікті полицияға бұл әрекетті ағасының өлімі үшін кек алу мақсатында жасағанын айтқан.

Кейін бұл іс бойынша сот үкімі шықты. Кувейттің Кассациялық соты қылмысқа қатысы бар үш ағайындыға тағайындалған өлім жазасын өзгертті: негізгі айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылса, қалған екеуі 10 жылға сотталды.