Ер адам 130 мың теңге үшін қарындасының сүйегін қазып алған

Ер адам 130 мың теңге үшін қарындасының сүйегін қазып алған
Коллаж: Видеодан кадр

Үндістанда ер адам қарындасының сүйегін қазып алып, банкке апарған, деп хабарлайды ult.kz.

Үндістанның Одиша штатында болған ерекше оқиға қоғамда қызу талқыға түсті. 2026 жылдың 28 сәуірінде Кеонджар ауданында тұратын 50 жастағы Адиваси Джиту қайтыс болған қарындасының сүйегін қабірден қазып алып, оны Малипоси ауылындағы банк филиалына жеткізген. 

Белгілі болғандай, ер адам марқұм қарындасының жинақ шотында қалған шамамен 19 300–20 000 үнді рупийін (шамамен 130 мың теңге) алмақ болған. Алайда банк қызметкерлері ресми өлім туралы куәлік ұсынылмағандықтан, қаражатты беруден бас тартқан.

Адиваси Джитудың айтуынша, ол қарындасының қайтыс болғанын дәлелдеу үшін сүйектерін банкке апаруға мәжбүр болған. Оның сөзінше, отбасының өлім туралы куәлікті рәсімдеуге қаржылық мүмкіндігі болмаған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Үндістанның кейбір шалғай ауылдарында қайтыс болуды ресми тіркеу мен тиісті құжаттарды алу көп уақыт пен қосымша шығынды талап етеді. Сол себепті тұрмысы төмен отбасылар кейде мұндай рәсімдерді жасамай, марқұмды бірден жерлеу немесе кремациялау жолын таңдайды.

Оқиғадан кейін банк қызметкерлері заң талаптарына сәйкес ресми құжатсыз ақша бере алмайтындарын мәлімдеген. Қазіргі уақытта Адиваси Джиту қажетті құжаттарды рәсімдеуге әрекет жасап жатыр. Алайда ол қарындасының есепшотындағы қаражатты қашан алатыны әзірге белгісіз.