Енді барлық мемлекеттік университет тегін болады – премьер-министр

Енді барлық мемлекеттік университет тегін болады – премьер-министр
Фото: freepik

Грузиядағы мемлекеттік университеттерде жоғары білім алу тегін болады, деп хабарлайды ult.kz.

Report сайтының дерегінше, бұл туралы елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе мәлімдеген. 

Оның айтуынша, жоғары білімді қаржыландырудың жаңа моделі студенттердің оқуға деген қызығушылығы мен ынтасын сақтауға бағытталған тетіктерді қамтиды.

Кобахидзенің сөзінше, егер студент бір семестр ішінде екі пәннен өте алмаса, үшінші семестрден бастап оған бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру көлемі қысқартылады. Премьер-министр бұл шараның негізгі мақсаты студенттердің оқу үлгерімін жақсартып, білім алуға деген жауапкершілігін арттыру екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Ираклий Кобахидзе елдегі жоғары экономикалық өсімнің басты себептерінің бірі ретінде жемқорлықтың жойылуын атады.

Оның мәліметінше, шілде айында Грузия экономикасы 8,6 пайызға өскен. Ал жылдың алғашқы алты айындағы орташа экономикалық өсім 7,9 пайызды құрап, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен өзге де халықаралық қаржы институттарының болжамынан жоғары болған.