Қазақстанда жаз басталғалы бері қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның 40-ы шілде айында ашылған. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Қайта жаңғырту жұмыстары ірі вокзалдармен қатар шағын станцияларды да қамтыды. Ең ауқымды жөндеу Ақмола облысында жүргізіліп, мұнда 12 вокзал жаңартылды. Қарағанды облысында 11 нысан қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ жұмыстар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылды.
Жобалар аясында кейбір вокзалдарда күрделі жөндеу жүргізілсе, бірқатар станцияларда ескі ғимараттардың орнына жаңа жолаушылар кешендері салынды. Сонымен қатар вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, жолаушылар платформалары, конкорстар, аялдау павильондары мен инженерлік инфрақұрылым толық жаңартылды.
Барлық нысандарда шатырлар мен қасбеттер жөнделіп, су, жылу, электр, кәріз және байланыс жүйелері ауыстырылды. Ғимараттардың ішкі әрлеуі жаңартылып, заманауи жиһаздар, навигациялық жүйелер, бейнебақылау камералары, желдету және кондиционерлеу жүйелері, өрт және күзет дабылдары, сондай-ақ қауіпсіздікке арналған интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылды.
Жаңғырту барысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді. Вокзалдар пандустармен, лифттермен, көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, ақпараттық көрсеткіштермен және арнайы санитарлық бөлмелермен жабдықталды.
Бұдан бөлек, бірқатар вокзалдардың аумағы айтарлықтай ұлғайтылды. Атап айтқанда, Орал, Шетпе, Шалқар, Қазыбек бек және Жетісу станцияларында жолаушыларға арналған кеңістіктер кеңейтілді. Ақшы станциясында жаңа аялдау павильоны бой көтерсе, Теміртау станциясында жолаушылар платформасы толық қайта жаңғыртылды.
Бүгінде жаңартылған вокзалдар күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетіп, Қазақстан өңірлері арасындағы, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бағыттарындағы теміржол қатынасының сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың айтуынша, жүргізілген жұмыстар жолаушыларға жайлы әрі қолжетімді орта қалыптастырып, теміржол инфрақұрылымының сапасын жаңа деңгейге көтереді.