Ресейдің ең биік шыңы саналатын Эльбрус тауында болған қайғылы оқиға салдарынан бір тәуліктің ішінде алты альпинист көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандардың бесеуі – Босния және Герцеговинадан келген жеті адамдық туристік топтың мүшелері. Тағы бір марқұм басқа топпен бірге шыңға көтерілген Ресей азаматы болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ауа райының кенеттен күрт нашарлауы салдарынан альпинистер бағытынан жаңылып қалған. Қалың қар, боран және қатты желдің салдарынан олардың бірқатары гипотермияға ұшырап, яғни денесінің қатты тоңуынан көз жұмған.
Қазіргі уақытта өңірдегі қолайсыз ауа райы іздестіру-құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатып отыр. Мамандар жоғалғандар мен зардап шеккендерді іздеу жұмыстарын жалғастыруда.
Аталған қайғылы оқиғаға байланысты екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан әрекет фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.