«Ел Дауысы» қоғамдық қорының мобильді топтары бақылауға кірісті

«Ел Дауысы» қоғамдық қорының мобильді топтары бақылауға кірісті

«Ел Дауысы» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарын сайлау барысына қоғамдық бақылаудың белсенді кезеңіне кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталғаннан кейін қор өкілдері ел аумағында сайлау заңнамасы талаптарының сақталуына бақылау жүргізуді бастады.

 Қор жетекшісі Аида Джексенованың айтуынша, бақылаушыларды дайындау бойынша негізгі жұмыс алдын ала жүргізілген. Бүгін Қазақстанның 22 қаласында қоғамдық бақылаудың мобильді капитандарының желісі құрылған. Желіге алдыңғы электоралдық науқандарға қатысқан, тәжірибелі капитандар мен үйлестірушілер кірген.

Желі құрамында 67-ден аса мобильді капитан бар. Олар 3-5 адамнан құралған мобильді топтарда жұмыс істеп, ауысым-ауысыммен сайлауалды үгіт-насихат жүргізілетін қоғамдық орындарды аралайды. Олар сайлау заңнамасы талаптарының сақталуын бақылайды, қоғамдық маңызы бар фактілерді тіркейді және ақпаратты қордың бірыңғай үйлестіру штабына жедел түрде жеткізіп отырады. Қажет болған жағдайда мобильді топтардың құрамы күшейтіліп, өңірлер арасында қайта бөлінеді.

«Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі жарияланғаннан кейін біз үшін қоғамдық бақылаудың белсенді сатысы басталады. Командаларды алдын ала дайындадық. Бүгін еліміздің 22 қаласында мобильді капитандар жұмысын бастады. Олардың міндеті – сайлауалды үгіт-насихат барысын бақылау, болып жатқан жағдайларды объективті түрде тіркеу және сайлау процесінің барлық кезеңінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету», — деді «Ел Дауысы» қоғамдық қорының жетекшісі Аида Джексенова.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары қор командасы Президент және Парламент сайлауларын, республикалық референдумды, ауыл әкімдерін сайлауды және өзге де электоралдық науқандарды бақылауға қатысып келеді.

Қор ұсынған ақпарат бойынша мобильді топтар ұйым жұмыс істейтін барлық қалада өз міндетін бастап кетті. Топтардың қызметін үйлестіру «Ел Дауысы» қоғамдық қорының орталық штабының тұрақты өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады. Штаб ақпарат алмасу, өңірлік командалармен жедел байланыс және бақылаушылар жұмысына қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.

«Өңірлік командаларымыз жұмысқа кірісіп кетті. Олар бүкіл сайлау науқаны кезеңі бойы қоғамдық бақылауды жүргізеді. Бұл жұмыс өңірлерден ақпаратты уақтылы алуға мүмкіндік береді және сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді деп сенеміз», – деп атап өтті Аида Джексенова.

«Ел Дауысы» қоғамдық қорының өкілдері қоғамдық бақылау сайлау науқанының барлық кезеңдері бойы жүзеге асырылатынын атап өтті. Сонымен қатар қор барлық қажетті дайындық рәсімдері аяқталғаннан кейін дауыс беру күні тікелей жұмысқа тартылатын тәуелсіз бақылаушылар желісін үйлестіріп жатыр.