Экс-депутат Самат Нұртаза: «Біздің қоғамда тап айырмашылығы өте қатты, ашық, қатал формада көрініп жатыр»

Экс-депутат Самат Нұртаза: «Біздің қоғамда тап айырмашылығы өте қатты, ашық, қатал формада көрініп жатыр»
ашық дереккөз

Бұрынғы депутат Самат Нұртаза Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік жіктелу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы сөз қозғауына Баян Алагөзованың болашақ күйеу баласына қоятын талаптары себеп болған. Айта кетейік, продюсер қызы Айару ағылшын білмейтін, классикалық музыкадан хабары жоқ жігітке тұрмысқа шықпайтынын мәлімдеген.

Экс-депутат Facebook-тегі жазбасында қоғамда таптық айырмашылық бұрын да болғанымен, қазір оның «өте қатты, ашық, қатал, анайы формада» байқалып отырғанын жазды.

«Біреудің жейтін наны жоқ болса – біреу Мстислав Ростроповичтің әуенін тыңдап, гольф ойнайды», – деді Самат Нұртаза.

Оның пікірінше, қоғамдағы таптық жіктелу күшейе берсе, әртүрлі әлеуметтік топтардың арасында байланыс үзілуі мүмкін.

Самат Нұртаза әсіресе ауқатты отбасылардың балаларының өз ортасынан жар таңдауға ұмтылатынына назар аударды.

«Көптеген шенеуніктердің, байлардың, ірі кәсіпкерлердің ұл-қыздары өздерімен терезесі тең адамдармен отбасы құрды. Бұндай жаппай кездейсоқтық болмайды», – деп жазды ол.

Оның сөзінше, бай отбасылар үшін болашақ құдалардың материалдық жағдайы маңызды болып, адамның ішкі дүниесі, имандылығы мен инабаттылығы екінші орынға ығысуы мүмкін.

Нұртаза бұл тенденция болашақта да жалғасып, адамдардың өз әлеуметтік тобының өкілдерімен ғана отбасы құруы жиілей түседі деп санайды.

«Миллион доллары бар адам миллион теңгесі жоқ адаммен сөйлескісі келмейді, онымен байланысып отырғысы келмейді, тем более ондай адаммен құда болғысы келмейді», – деді ол.

Самат Нұртаза бұл мәселені тек Баян Алагөзованың жеке пікірі ретінде емес, қоғамдағы ауқатты топтың дүниетанымымен байланысты құбылыс ретінде қарастыру қажет деп есептейді.