Павлодар облысының Екібастұз қаласында жантүршігерлік қылмыс болды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, қаладағы қоқыс жәшіктерінің бірінен әйел адамның бөлшектелген мәйіті салынған бірнеше қап табылған, деп хабарлайды ult.kz.
Аталған дерекке қатысты полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлердің айтуынша, қылмыстың нақты мән-жайы, әйелдің өліміне не себеп болғаны, сондай-ақ күдікті мен марқұмның арасындағы байланыс жан-жақты тексерілуде.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Егер күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жаза тағайындалады.