Екі жолаушылар ұшағы соқтығысуға шақ қалды

Екі жолаушылар ұшағы соқтығысуға шақ қалды
Сурет: depositphotos.com

Екі жолаушылар ұшағы әуеде соқтығысуға шақ қалды, деп хабарлайды ult.kz, bild-ке сілтеме қалдыра отырып.

Оқиға 10 шілдеде болғанымен, бұл туралы ақпарат енді ғана белгілі болды.

Мәліметке сәйкес, Iberia әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы Бразилияның Ресифи қаласынан Мадридке бағыт алған. Ал Air Europa компаниясының Boeing 787 ұшағы Мадридтен Сан-Паулу қаласына ұшып бара жатқан. Екі әуе кемесі де шамамен 11 мың метр биіктікте болған.

Бір сәтте ұшақтардағы TCAS (әуе кемелерінің соқтығысуының алдын алу жүйесі) іске қосылған. Жүйе Iberiaұшағының экипажына төмендеуге, ал Air Europa ұшағының ұшқыштарына биіктікке көтерілуге пәрмен берген. Соның нәтижесінде Airbus A321 шамамен 150 метрге төмендеп, Boeing 787 шамамен 120 метрге жоғарылаған. Осылайша ықтимал апаттың алдын алу мүмкін болған.

Кейін екі ұшақ та бағыттарын жалғастырып, тиісінше Мадрид пен Сан-Паулу әуежайларына штаттық режимде қонды.

Оқиғаға байланысты Испанияның авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі CIAIAC комиссиясы арнайы тексеруді бастады. Мамандар екі ұшақтың бір әуе дәлізінде, бір биіктікте және қарама-қарсы бағытта қалай қатар ұшып қалғанын анықтайтын болады.

Оқиға Атлант мұхитының Канар аралдарының батыс бөлігіндегі әуе кеңістігінде болған.