Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған 48 жастағы әйелді іздеу жұмыстары жалғасуда. Полиция оның Бурабай курорттық аймағында болуы мүмкін екенін айтып, тұрғындар мен демалушылардан көмек сұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, Марал Құттыбайқызы Әбуова 12 маусым күні Көкшетаудағы үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Содан бері онымен байланыс үзілген. Үйінде жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы күтіп отыр.
Жоғалған әйелдің бойы шамамен 170 сантиметр, дене бітімі арықша, шашы қара, көзі қоңыр. Үстінде ақшыл түсті көйлек болған.
Полицияның хабарлауынша, өтініш түскен сәттен бастап жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, туыстары, таныстары мен ықтимал куәгерлерден жауап алынған.
Алдын ала мәлімет бойынша, іздеудегі әйелге ұқсас адам Бурабай курорттық аймағында байқалған. Осыған байланысты полиция Бурабайда жүрген тұрғындар мен туристерден мұқият болып, әйелді көрген жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.
Марал Құттыбайқызы Әбуованың жүрген жері туралы қандай да бір ақпаратқа ие азаматтардан 102 нөміріне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласу сұралады.