Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтар ХҚКО және eGov қызметкерлері болып хабарласып, тұрғындарды жаңа тәсілмен алдап жатыр. Осы схемаға сенген 44 жастағы тұрғын 4 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды ult.kz.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап өңір тұрғындарына белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін ХҚКО немесе eGov қызметкерлері ретінде таныстыра бастаған.
Алаяқтар азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолданылу мерзімі аяқталғанын айтып, оны ұзарту қажет екенін жеткізеді. Әңгіме барысында келісімді растау үшін телефон пернетақтасынан «1» батырмасын, ал бас тарту үшін «3» батырмасын басуды сұрайды.
Осыдан кейін басқа адам қоңырау шалып, азаматтың жеке кабинеті бұзылғанын және оның атына несие рәсімделгенін айтады. Алаяқтар мәселені шешудің «жалғыз жолы» ретінде тағы бір несие рәсімдеп, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады.
Соңғы күндері полицияға осындай 20-ға жуық қоңырау туралы ақпарат түскен. Бұл – тұрғындардың «102» арнасына хабарлаған фактілері ғана. Жаңа схема бойынша бір қылмыстық іс тіркеліп, облыс аудандарының бірінде тұратын 44 жастағы тұрғынның 4 млн теңгесінен айырылғаны анықталды.
Полиция азаматтарға ХҚКО мен eGov қызметкерлері телефон арқылы банк картасының деректерін, шоттағы қаражат туралы мәліметті немесе басқа да банктік құпия ақпаратты сұрамайтынын ескертеді.
«Мұндай қоңырауларға сенбеңіздер. Бөгде адамдардың нұсқауы бойынша несие рәсімдеп, ақша аудармаңыздар», – деп ескертті тәртіп сақшылары.
СҚО-да жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 389 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 24 пайызға аз. Оның 248-і тұрғындарды ірі көлемде несие рәсімдеуге көндіруге бағытталған алаяқтық схемаларға қатысты.
Полицейлер тұрғындарға интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топқа қосылуды ұсынады. Топқа QR-код арқылы өтуге болады. Онда полиция қызметкерлері алаяқтардың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.
Киберқылмыс бойынша кеңес алу немесе ақпарат беру үшін азаматтар +7-708-022-09-45 сенім телефонына анонимді түрде хабарласа алады.
Бұған дейін «SMS-бластер» арқылы 150 мың алаяқтық хабарлама таратқан топ ұсталғанын жазған едік.