Freedom Inside '26

Джеки Чанның қатысуымен шығатын жаңа фильм Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытпақ

Джеки Чанның қатысуымен шығатын жаңа фильм Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытпақ
Kazakh Tourism

Маңғыстау облысында Джеки Чанның қатысуымен «Құдайдың сауыты 4: Ультиматум» атты халықаралық киножобаның түсірілім жұмыстары басталды, деп хабарлайды ult.kz.

Жобаны отандық екі кинокомпания – Sәlem Entertainment пен Dala Edge Creative Tech Park бірлесе жүзеге асыруда. Бұл бастама отандық киноиндустрияны дамытуға және ірі халықаралық жобаларды тартуға белсенді ықпал етіп отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен мүмкін болды. Өз кезегінде, өңірдегі түсірілім процесіне Маңғыстау облысының әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетуде. 

Шығармашылық топ 7-12 маусым аралығында жұмыстың алғашқы кезеңін өткізіп, аймақтың қайталанбас табиғи көріністерін таспаға басты. Фильмнің негізгі түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы. Түсірілім жұмыстарын бастамас бұрын ауқымды дайындық жүргізілді: 2025 жылы өңірдегі қолайлы табиғи локацияларды іріктеу шаралары өткізілді. Кинотуындының әлемдік премьерасы 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған.

Табиғи нысандарды танымал кинофраншизаларға интеграциялау – кинотуризмді дамытудың танымал құралы. БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UN Tourism) мәліметінше, сәтті шыққан фильмдер түсірілген өңірлерде туристер ағыны орта есеппен 25-40% аралығында өседі. Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Хорватия, Оңтүстік Корея, Таиланд және тағы басқа бірқатар мемлекеттердің халықаралық тәжірибесі кинодағы танымал пейзаждар түсірілім орындарына арнайы келетін шетелдік саяхатшылардың тұрақты әрі ұзақмерзімді ағынын қамтамасыз ететінін дәлелдеп отыр.

Фильмнің халықаралық нарыққа шығуы Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға жаңа серпін береді. Маңғыстаудың бірегей локацияларын үлкен экрандардан көрсету миллиондаған шетелдік көрерменді еліміздің табиғи нысандарымен таныстыруға жол ашады. Бұл аймақтың жаһандық нарықтағы танымалдылығын арттырып, Қазақстанның тартымды туристік бағыт ретіндегі халықаралық имиджін нығайта түседі.