Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чан қатысатын «Доспехи Бога 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, алғашқы кадрлар Бозжыра шатқалында түсірілген. Бұл аумақ фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалған.
7–12 маусым аралығында 35 адамнан тұратын халықаралық түсірілім тобы жұмыс істеп, фильмнің бірқатар көріністерін таспаға түсірген. Жоспар бойынша, түсірілім жұмыстары биыл толық аяқталады. Ал фильмнің әлемдік прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпанына белгіленіп отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай шығармашылық топ өкілдерімен кездесіп, мұндай жобалар өңірдің туристік және мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асырып жатыр.