«Дұрыс тамақтану» бизнесі дауға ұласты: кәсіпкер 3,6 млн теңге төлейді

«Дұрыс тамақтану» бизнесі дауға ұласты: кәсіпкер 3,6 млн теңге төлейді
Ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында дұрыс тамақтану рационына алдын ала ақша төлеген 21 тұрғынның ақшасы сот арқылы қайтарылатын болды, деп хабарлайды ult.kz.

Тұрғындар жеке кәсіпкермен келісімшарт жасап, тағам жеткізу қызметінің ақысын алдын ала төлеген. Алайда кейін рационы жеткізілмей, кәсіпкер ақшаны қайтармаған.

Тұтынушылар ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Ведомство мәселені сотқа дейін шешуге тырысқанымен, нәтиже болмаған соң Өскемен қаласының азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ұжымдық талап арыз берген.

2026 жылғы 16 шілдеде сот талапты қанағаттандырды. Кәсіпкер 21 тұтынушыға көрсетілмеген қызмет үшін 3 055 138 теңге және 611 028 теңге тұрақсыздық айыбын төлеуге міндеттелді.

Осылайша, тұрғындарға қайтарылатын жалпы сома 3 666 166 теңгені құрады.