Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бұрынғы басшысы пара алды деген күдікпен қамауға алынды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бұрынғы басшысы пара алды деген күдікпен қамауға алынды
alau.info

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының бұрынғы басшысы Наиль Нұров аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, 59 жастағы бұрынғы шенеунік екі аптаға жуық уақыттан бері Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Дереккөз мәліметінше, Наиль Нұровтың үстінен сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Наиль Нұров бұған дейін еліміздегі бірқатар ірі спорттық жобаларды басқарған. Атап айтқанда, 2011 жылғы Азия ойындарын және 2017 жылғы Универсиаданы ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік еткен. Сондай-ақ ол 2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын үйлестірген.

Михаил Козачковтың мәліметінше, көшпенділер ойындарынан кейін құқық қорғау органдары кейбір нысандардың құрылысына қатысты сұрақтар көтерген. Тергеу нұсқасы бойынша, дирекция басшысы құны 500 миллион теңгеден асатын этноауыл құрылығына келісім жасап, кейін мердігерден келісімшарт сомасының 10 пайызын талап еткен.

Сондай-ақ тергеу барысында қаражаттың Нұровқа қолма-қол берілгенін растайтын дәлелдер жиналғаны айтылды. Бұдан бөлек, мердігер оның жеке пайдалануына арналған металл беседка орнату шығындарын да көтерген көрінеді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Наиль Нұров жалпы алғанда кемінде 40 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған болуы мүмкін.

Сот күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.