Донат үшін шектен шыққан стримдер: Қазақстанда 9 блогер заң алдында жауап берді

Донат үшін шектен шыққан стримдер: Қазақстанда 9 блогер заң алдында жауап берді
Polisia.kz

Әлеуметтік желідегі «хайп» үшін адам ұрлау көрінісін ұйымдастыру, төбелес көрсету және әдепсіз контент тарату — тоғыз қазақстандық стримердің жауапқа тартылуына себеп болды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заң талаптарын бұзған тоғыз қолданушыға қатысты әкімшілік шара қолданды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

ІІМ мәліметінше, кейбір контент авторлары қаралым, лайк және донат үшін шектен шығып, қауіпті әрекеттерге барған. TikTok желісіндегі тікелей эфирлерде балағат сөздер айту, әдепсіз қылықтар көрсету, адамдарды қорлау және қауіпті пранктер ұйымдастыру фактілері анықталған.

Министрлік мұндай контенттің әсіресе кәмелетке толмағандарға кері әсер ететінін атап өтті.

Астанада TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танылған 37 жастағы тұрғын тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқан. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Алматыда 32 жастағы Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфир барысында айналасындағыларды балағаттап, қорлаған. Сот шешімімен оған бес тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Шымкентте 20 жастағы Сейдалиев Данияр аудитория назарын аудару үшін тікелей эфирде электрошокер қолданған және адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сонымен қатар эфир кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танымал 41 жастағы тұрғын бірнеше рет тікелей эфирге шығып, әдепсіз сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған әкімшілік айыппұл салынды.

Сол облыста 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжан донат жинау және көрермен санын арттыру мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын келтіріп, «хайп» үшін төбелес көрсеткен. Екеуі де заң алдында жауап берді.

ІІМ әлеуметтік желідегі анонимділік құқық бұзушыларды жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Ведомство кез келген заң бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін құралдарға ие екенін мәлімдеді.

«Заңға қайшы әрбір әрекет анықталып, құқық бұзушы заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылады. Алдағы уақытта да мұндай фактілердің алдын алу мақсатында құқық бұзушылар туралы ақпарат жарияланып отырады», — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Министрлік қоғамның цифрлық кеңістіктегі мәдениетін қорғау және жастарға кері әсер ететін зорлық-зомбылық пен әдепсіз контенттің таралуына жол бермеу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.