«Домбыра харам» деген ақтөбелік 3,5 жылға сотталды

«Домбыра харам» деген ақтөбелік 3,5 жылға сотталды
Ашық дереккөзден

Ақтөбе қалалық соты 35 жастағы Азат Қонысқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Діни алауыздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға қатысты қорлайтын пікір айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерін балағаттаған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, оның мәлімдемелері діни және ұлттық алауыздықты қоздыру белгілерін қамтыған. Прокурор соттан сотталушыға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот отырысында Азат Қоныс өз кінәсін толық мойындап, айтқан сөздеріне өкінетінін жеткізді. Ол қазақ халқынан кешірім сұрап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Алайда сот оның әрекеттерін қылмыстық құқықбұзушылық деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Еске салайық, әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін құқық қорғау органдары оның жеке басын анықтап, күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын.