Freedom Inside '26

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық ота жасайтын клиникаларға тексеру жүргізеді

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық ота жасайтын клиникаларға тексеру жүргізеді
ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында бұл бастама Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісілген.

Тексеру барысында заң талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда, медициналық ұйымдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 2021 жылдан бері пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Азаматтардың медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдарының көбеюіне байланысты тексерулердің басым бөлігі 2024 жылы өткізілген.

Бақылау нәтижесінде лицензиялық талаптардың, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылғаны анықталған. Сондай-ақ кейбір клиникалардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болды.

Заң бұзушылықтарды жою мақсатында медициналық ұйымдарға міндетті түрде орындалуы тиіс нұсқамалар беріліп, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылды. Нәтижесінде жалпы сомасы 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар комитет пластикалық операциялардан кейін адам өліміне әкелген жекелеген оқиғалар бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізген. Мұндай жағдайлар ең көп Алматы, Астана қалаларында және Маңғыстау облысында тіркелген. Тексеру материалдары процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң талаптарының сақталуын бақылау және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік бақылау жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.