Денсаулық сақтау министрлігі Николай Жұмағалиев емделіп жатқан ауруханаға тексеру жүргізеді

Денсаулық сақтау министрлігі Николай Жұмағалиев емделіп жатқан ауруханаға тексеру жүргізеді
ашық дереккөз

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі «Ақтас» республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханасына кешенді тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Мұндай шешім бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде пациенттердің емдеу және ұстау жағдайына қатысты жарияланған шағымдардан кейін қабылданды.

Министрліктің мәліметінше, тексеруді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізеді. Мамандар медициналық құжаттаманы, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің ауруханада болу жағдайын, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін және азаматтардың құқықтарының сақталуын зерделейді.

Тексеру жұмысына прокуратура органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері мен өзге де мемлекеттік органдардың қатысуы жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі тексеру қорытындысы бойынша жарияланған барлық дерекке құқықтық және қызметтік баға берілетінін мәлімдеді. Егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

Еске салайық, бұған дейін YouTube платформасында «Ақтас» ауруханасында мәжбүрлі ем қабылдап жатқан Николай Жұмағалиевтің сұхбаты жарияланған болатын. Ол мекемедегі тұрмыс жағдайына қатысты пікір білдіріп, жеке кеңістіктің жеткіліксіздігі, палаталарда ұзақ уақыт болу, серуендеуге шектеулі мүмкіндік және тұрмыстық қолайсыздықтар туралы айтқан.

Николай Жұмағалиев 1970-жылдардың соңында бірнеше адамды өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу деректеріне сәйкес, оның құрбандарының саны кемінде 10 адамды құраған, олардың басым бөлігі әйелдер болған. Сот оны есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі емдеуге жіберген.

«Ақтас» – Қазақстандағы осы бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда соттың шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған азаматтар емделеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханадағы пациенттердің 80 пайыздан астамы адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған.