Қазақстанда босандыру ұйымдарындағы санитариялық талаптардың сақталуына жүргізілген тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Денсаулық сақтау министрлігі 84 нысанның 82-сін тексерді. Оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар, деп хабарлайды ult.kz.
Тексеру барысында мамандар медициналық ұйымдардағы инфекциялық қауіпсіздік талаптарының орындалуын бағалады. Атап айтқанда, стерилизация және дезинфекция жұмыстары, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, инфекцияларды дер кезінде анықтау және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы тексерілді.
Сонымен қатар зертханалық зерттеулер жүргізілді. Бұл мамандарға тек құжаттарды ғана емес, медициналық көмектің іс жүзінде қалай көрсетіліп жатқанын бағалауға мүмкіндік берді.
Тексеру нәтижесінде 81 санитариялық нұсқама берілді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды. Шұғыл жоюды қажет ететін кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына берілген нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіру міндеттелді.
Бұдан бөлек, инфекциялық бақылау қызметтерін кадрлармен қамтамасыз етуді күшейту, инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын жаңарту және медициналық ұйым басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру тапсырылды.
«Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Министрліктің мәліметінше, тексеру жұмыстарының келесі кезеңінде балалар ауруханалары қамтылады. Кейін осындай бақылау медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында да жүргізіледі.