Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Дархан Қыдырәлі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды ult.kz.
Салтанатты марапаттау рәсімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Дархан Қыдырәлінің ұлттық әдебиеттану ғылымын дамытуға, түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасын зерттеуге және қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Оның айтуынша, Дархан Қыдырәлінің Алаш мұрасы, түркі өркениеті, қазақ әдебиетінің тарихы мен рухани сабақтастығына арналған ғылыми еңбектері әдебиеттану мен түркология ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан.
Жиында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы және ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс сөз сөйлеп, Дархан Қыдырәлінің «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне жетекшілік еткен кезеңдегі және мемлекеттік қызметтегі еңбегіне тоқталды. Олар оның ұлттық баспасөздің дамуына, қоғамдық пікірдің қалыптасуына және елдің рухани өміріне қосқан үлесін атап өтті.
Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі жоғары марапат үшін Қазақстан Жазушылар одағына алғыс білдіріп, соңғы жылдары ұйымда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Ол Жазушылар одағы ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары шығармашылық ортаға жаңа серпін беретінін айтты.
Сондай-ақ ол әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға келіп, Жазушылар одағында оқырмандармен кездесуі қазақ әдебиетінің халықаралық беделін арттырған маңызды оқиға болғанын атап өтті.
Дархан Қыдырәлі сөз барысында Қазақстан Жазушылар одағы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға да тоқталып, мұндай бастамалар кітап оқу мәдениетін дамытуға, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға және зерделі ұлт қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.